педагог-психологтың құқықтары мен міндеттері » Долайты орта мектебі
Алматы облысы білім басқармасы
ұйғыр ауданы бойынша білім бөлімінің
"Долайты орта мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727857363
Есепші бөлімі:
+7(72636) 57-3-63
Нашар көрушілер
нұсқасы
18
октябрь
2021

педагог-психологтың құқықтары мен міндеттері

Мектеп психологиялық қызметінің мазмұны


Білім беру саласында психологиялық қызметті ұйымдастырудың ғасырдан асатын тарихы және мол тәжірибесі бар. Көптеген елдерде бұл қызмет өткен ғасырдың басында пайда болып, табысты дамып келе жатыр. Білім беру саласындағы психологиялық қызметтің даму тарихын және қазіргі жағдайын Р.Б.Радионов, И.А.Соколова, З.А.Малькова және т.б. ғалымдар зерттеп ,жеке тұлға ерекшеліктерін, психологиялық қасиеттердің сандық және сапалық көрсеткіштерін зерттеу нәтижелерін мектеп тәжірибесінде қолдануды ұсынды.

Өткен ғасырдың  басында Францияда А.Бине жекелік қасиеттерді зерттеу мәнінде бірнеше мақалалар жариялады. Ол 1905 жылы психологиялық зертхана ұйымдастырып, талапкерлердің интеллектуалдық қабілетін зерттеу жұмысын жолға қойды. Биненің жүргізген зерттеулері көптеген ғалымдарды қызықтырып психологиялық қызметті ұйымдастыруға ұйытқы болды. 1908 жылы Бостон қаласында Фрэнк Парсонс мамандыққа баулу бюросын ашты. Ол осы бюро қабырғасында көп жыл жүргізген тәжірибесін қорытындылай келіп, мамандықты таңдап алу үшін әр адам үш нәрсені жақсы  білуі қажет екенін көрсетті. Олар: 

1) өз қабілеті мен мүмкіндіктерін және оның табалдырығын білу; 

2) таңдаған мамандығы бойынша жұмыс жағдайымен танысып, ол қызметті орындау үшін қандай қасиеттер керек екенін анықтап, жалақысы, болашағы, өсу жолдар, білімін жетілдіру көздері туралы толық мағлұмат алу; 

3)   арманы мен мүмкіншіліктерінің бір-біріне сай келуін бағалау.

Осы бағыттарда анықталған мағлұматтарды бір-бірімен салыстыра талдау нәтижесінде психолог әр балаға болашақ мамандығын анықтауы туралы өз кеңестерін береді. Көп ұзамай Англияда Цирил Бэрт, АҚШ та Арнольд Гессель мектеп қабырғасында балаларға және олардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсету ісіне кірісті. Осы бастама кейінен «Гайденс» қызметі (гайд.-көмек көрсету,жетелеу деген мағынаны білдіретін сөзден шыққан.) деп аталып,қазірге дейін білім беру жүйесінің үлкен бір саласы болып дамып келеді.Ірі мектептерде бірнеше психолог қызмет атқарады. Сондықтан оны бригада деп атауға болады. 

Психологиялық қызметті ұйымдастыру тобы өз іс-шараларын  бірнеше бағытта ұйымдастырады және өзінің алдына келесі міндеттерді қойып отыр:

  • Балаларға мектепке дейінгі өмірден оқушы міндетін атқаруға көшіруіне көмек көрсету;
  • Мектепте оқу паралельдерін анықтап алуға ықпал жасау;
  • Жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдап алуға жәрдем беру;
  • Оқушыларды болашақ отбасы өміріне даярлау.

Қазіргі кезде көптеген елдер психологиялық қызметті мектеп қабырғасында және әлеуметтік  ортада ұйымдастырып, психологиялық қызмет көрсету дәстүрі  кеңінен қалыптасып келеді. Психологиялық қызметте ерте құрылған мемлекеттер тәжірибесін жан-жақты зерттеудің мән-мағынасы өте терең болып отыр. Оларда қалыптасқан ұйымдастыру түрлерін және бұл жұмыстың мазмұнын зерттеу негізінде көптеген елдер өз мектептерінде психологиялық қызметті ұйымдастыру мақсаты мен міндеттерін анықтап алып отыр. 

Біздің елде білім беру жүйесіндегі  психологиялық қызметтің мақсаты мен мазмұнын анықтауға Ресей, Балтық жағалауындағы мемлекеттер тәжірибесі мол мүмкіндік тауып беруде. Сондықтан осы мемлекеттердің тәжірибесін, теориялық және әдістемелік құралдарын терең және жан-жақты талдау үстіндеміз.

Психологиялық қызметтің мақсаты – бала дамуындағы   әр кезеңдегі жан дүниенің ерекшеліктерін анықтап алып, олардың өз-өзіне, қоршаған ортаға деген көзқарасының, қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуына жетекшілік жасау. Бұл мақсат келесі міндеттер арқылы   нақтыланады.

Психологиялық қызметтің міндеттері:

  • Психологиялық  және әлеуметтік-психологиялық  тұрғыдан қиындық көріп жүрген балалардың проблемаларын анықтап, оларға дер кезінде көмек көрсету;
  • оқушыларды мектеп табалдырығын аттаған күннен  бастап оны бітіргенше жетелеп, сүйеніш болып жүру;
  • проблемасы бар балаларды жан-жақты зерттеп, оны туғызған себебін анықтау және түзету-дамыту жұмыстарын жүргізу;
  • дамуында ауытқуы бар балалардың психологиялық қасиеттерін өңдеу үшін психологиялық тренингтер ұйымдастыру;
  • оқу-тәрбие жұмысына ғылыми жетекшілік жасап әр оқытушының, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімін жетілдіру және біліктілігін арттыру жұмысын ұйымдастыру.

Осы анықталған  міндеттерді орындау т.б.  өмір барысында тұрған шиелініс жағдайларды дұрыс шешу үшін психологтар әр адамға сүйеніш болып, бағыт-бағдар беріп отыруы қажет. Қазақстанда мектеп психологі енді тағайындалып, өз жұмысын атқаруға жаңа ғана университет бітірген тәжірибесі таяз жас мамандар кірісті. Дегенмен олар жұмыс мазмұнын анықтап алу үшін ізденіс үстінде.

Психологиялық қызмет моделін қалай құру қажет екенін анықтап алу оңай емес. Бұл мәселені дұрыс шешу үшін бұрынғы анықтағандар Н.Р.Битянова, И.В.Дубровина, А.И.Прихожан ұсынған үлгілерді қолдануға, немесе басқа елдерде қалыптасқан тәжірибені үлгі ретінде қолдана отырып мектеп психологі қызметін келесі бағыттарда ұйымдастыруға болады:

  • психодиагностикалық жұмыс;
  • психопрофилактикалық жұмыс;
  • психологиялық кеңес беру;
  • психокоррекция жүргізу;
  • ата-аналардағы психологиялық-педагогикалық білім беру және біліктілігін арттыру;
  • психологиялық қызмет көрсету жүйесі қызметін насихаттау;
  • әлеуметтік-диспетчерлік қызмет көрсету;
  • педагогикалық ұжымға психологиялық қызмет көрсету.

Осы аталған бағыттардағы іс-шаралар бір-бірімен үйлесімді ұйымдастырылуына кепілдік болатын мақсат пен міндеттер жоғарыда көрсетілген.

Мектеп оқушыларына, көпшілікке жүйелі түрде психологиялық қызмет көрсету үшін ол объекті туралы психолог толық мағлұмат алуы қажет. Бұл мағлұмат психодиагностикалық зерттеу барысында жиналады. Оқу-тәрбие жұмысы барысында психологиялық зерттеу әдістерін  қолдана отырып, оқушылардың таным процестерінің даму деңгейі, жекелік қасиеттерінің қалыптасуы, оқушылар мен оқытушылар арасындағы қарым-қатынастың қалыптасуы талданып, әр балаға қандай жәрдем керек екендігі нақты анықталады. Психологиялық қызмет  мазмұнын анықтау үшін бұл жұмыстың мақсат-міндеттеріне сүйене отырып оның барлық  жоғарыда келтірілген салалары бойынша іс-шаралар тізімін толық жүйеге келтіріп жұмыс жоспарында көрсету қажет.  











Психолог міндеттері және құқығы


Психологиялық қызмет туралы жалпы жағдайға байланысты психолог міндеттері мен құқықтары анықталған.

Психолог міндеттері: 

  • білім беру саласындағы республика заңдарын орындау;
  • шешім қабылдап, проблемаларды қарастыруда кәсіби шеңберден шықпау;
  • өзінің кәсіби білімін үнемі арттырып отыру;
  • нақты кәсіптік білімі жоқ адамдардың диагностикалық, коррекциялық зерттеулер жүргізуіне тыйым салу;
  • барлық мәселелерді шешуде балалардың психологиялық дамуын ескеру;
  • атқарылатын жұмыстардың міндеттері мен әдістері туралы  нұсқауларды кәсіптік жағынан басқаратын адамдар бергенде оларды нақты орындау;
  • баланың психологиялық дамуын шешу мәселесінде мектеп ұжымына қажетті көмектерді көрсету; 
  • кәсіптік құпияны жарияламау;
  • Барлық психологиялық зерттеу нәтижелерін жазып, арнайы құжаттарға тіркеп отыру;
  • психологиялық көмекті қажет ететіндерге дер кезінде қажетті іс-шараларды ұйымдастыру.

Психолог құқығы:

  • Оқушылармен және басқа талапкерлермен жүргізілетін  жұмыстың нақты міндеттерін өз бетінше шешуге, әдіс-тәсілдерін дербес талдап, жұмыстардың кезегін анықтауға;
  • кәсіби міндеттерін сапалы орындауға қажетті жағдай жасауды мектеп басшыларынан талап етуге;
  • Жоғарғы орындардан түскен нұсқаулар этикалық ұстанымдарға қайшылас келген жағдайда оны орындаудан бас тартуға;
  • қажетті құжаттармен танысуға;
  • Психодиагностикалық, психокоррекциялық әдіс-тәсілдерді іріктеп алуға және оларды дайындауға;
  • мектеп оқушыларын топтық және жеке зерттеулерден өткізуге;
  • медициналық және деффектологиялық мекемелерге сұраныс жасауға;
  • Баланың болашағын анықтау үшін медициналық, педагогикалық-психологиялық т.б. комиссиялар кеңесіне қатысуға;
  • тәжірибе алмасу мақсатында ғылыми-әдістемелік көпшілік журналдарына материалдар жариялауға;
  • психологиялық білімдерді насихаттауға;
  • 240сағат көлемінде нормативтік және факультативтік сағат алуға;
  • Оқушыларды мамандыққа баулу және кәсіби бағдар беруге;
  • Отбасына психологиялық қызмет көрсетуге.